"Біздің әскерге жау керек емес, өзін-өзі қырып тастайды" - Шыңғыс Мұқан

"Біздің әскерге жау керек емес, өзін-өзі қырып тастайды" - Шыңғыс Мұқан
фото: https://pixabay.com/ru/

Қоғам белсендісі, баспагер, экономист Шыңғыс Мұқан Қазақстан әскеріндегі жауыздық пен берекесіздікті сынап, өз парақшасында арнайы жазба жариялады.

Ербаян бауырыма жанып ашып, жанымды қоярға жер таппай отырмын. Мұндай сұмдық жағдайлар үн-түнсіз өтпеуі керек. Сарбаздың мехнаты ең болмағанда кейінгі сарбаздарды аман алып қалу үшін қоғамды аяғынан тік тұрғызуға тиіс.  Ulysmedia.kz-тің жетекшісі Samal Ibrayeva “соңғы үш жылда 270 әскери қайтыс болғанын, оның ішінде 90 сарбаз өз-өзіне қол салып қайтыс болған” (дерек көзі белгісіз) деген дерек келтіріпті.

Бұл әскерге сыртқы жау керек емес, өз-өзін қырып тастайды деп ойлап отырған шығарсыз. Мен де осылай ойлап үлгердім. Израиль деген ел бар, әскери борышын барлығы өтейді, қыздар да, ұлдар да. Әскерде дәл қазір 170 мың адам борышын өтеп жатыр (Қазақстанда 110 мың әскер). Осы Израиль әскер арасындағы әлімжеттіктен әбден сабақ алған ел. 2014 жылы қатарластарының қорлығына шыдамай Давид Шнайдер өзіне қол жұмсап, резонанс болған. 2010 жылы Надав Села деген сарбаз да өзіне қол жұмсаған. Содан “Арнайы Лили” атты бағдарлама қабылданып, антибуллиң іс-шаралары іске асты. Содан соң жағдай түзелген. “Ақымақ өзгенің емес, өз қателігінен де сабақ алмайды” деуші ме еді, еврей халқы өз қателігінен сабақ алыпты.

Кейіннен автор Қазақстандағы сорақылықты сынап, қынжылды:

Енді, біздегі жағдайды айта алмаймын. Бізде қателіктен сабақ алу деген жоқ. Ербаянның жағдайы, міне осындай. Содан не өзгерді? Ешнәрсе!!! Оған дейін де талай сарбаз көз жұмды. Бұдан соң да көз жұмады. 99%-ын қоғам естімейді.

Менің атамның інісінің баласы Кеңес кезінде әскерден ауытқып келді. Содан адам болмады. Соңында жындыханада қайтыс болды. 90-жылдары ауылдағы бір ағайын ағамыз әскерден тірі оралмады. Сол жағдай әлі өзгермепті. Себебі орыстың ұрдажық мінезіне құрылған психо-эмоциялық жағдай сол баяғыдай, Кеңес кезінен келе жатыр.

Несін айтамыз, бізде әлімжеттік тек әскерде емес, жылда төбелестен қаншама оқушы қайтыс болады. Антибуллиң онда да оқу-тәрбие үдерісінің маңызды бөлігіне айнала алған жоқ.

Шынында да, қазір балалардың болашағынан қорқа бастадым. Келер ұрпаққа қандай қоғамды мұра етіп қалдырып бара жатырмыз? Дұрысырақ қоғамды қалдыра алар ма едік?.. - деді қоғам белсендісі өзінің әлеуметтік парақшасында.

ҚазАқпарат