Аралға иондау арқылы жауын-шашын шақырылғаны рас па?

Аралға иондау арқылы жауын-шашын шақырылғаны рас па?
фото: https://www.istockphoto.com/

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Kazinform сауалына жолдаған жауабында Алтай Айнабектің атмосфераны иондау арқылы қолдан жаңбыр жауғызу технологиясы туралы алып-қашпа әңгімелерге ғылыми қорытынды берді.

БҰҰ бұған не дейді?

Ресми жауаптан ұққанымыз, «Қазгидромет» мекемесі БҰҰ-ның климатты қолдан өзгерту мәселесіне жауапты ұйымынан иондау арқылы жаңбыр жауғызу технологиясы туралы ғылыми пайым сұраған.

«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ауа райына әсер ету саласын зерттейтін сарапшылары иондау технологиясын зерттегенін хабарлайды. Сол зерттеудің баяндамасында «иондау арқылы жауын-шашын шақырылды» делінген оқиғалардың ешқайсысы бақылаулармен де, аумақ бойынша сандық модельдеумен де расталмағаны» мәлімделген», - деп жазылған жауапта.

«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым» (ДМҰ) – Біріккен ұлттар ұйымының атмосфераны бақылап, оның мұхиттармен өзара әрекеттесу мәселелерін зерттейтін құзыретті органы.

«ДМҰ-ның климатқа белсенді әсер ету мәселелері туралы мәлімдемесінде жауын-шашын мөлшерін арттыруға арналған барлық технологиялар табиғи процестерді тек жеделдете алатыны, жергілікті оқшауланған аумақта ғана іске асырылуы мүмкін екені айтылған.

Сіз айтып отырған «International Center of Climate Change Technologies» ЖШС өз жұмысында иондау әдісін қолданады. Алайда, бүгінгі таңда бұл технологияны әлемнің ғылыми қауымдастығы мойындамаған», - деп жазады Қазгидромет мамандары.

«Аралға жауатын жаңбыр 10 күн бұрын болжанған»

«Биылғы маусым-шілде аралығында Қазақстанның қандай да бір бөлігінде климаттық ерекшеліктерден тыс өзгерістер болған жоқ. Барикалық құрылымдардың әрекеттесуі мен бұлттылық жүйелерінің қалыптасуында, жауын-шашынның түсуінде ауытқушылықтар тіркелмеді. Маусым-шілде айларында түскен жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық норма шамасында немесе одан төмен болды», - деп жазылған «Қазгидромет» мәліметінде.

Синоптикалық талдаулар 2024 жылдың мамыр-шілде айларында Қазақстан аумағында циклондық белсенділік басым болғанын көрсетсе керек.

«Мамыр айында (04-08, 13-14, 16-22, 24-25 мамыр) Оңтүстік Каспий және Оңтүстік циклондардың Қызылорда облысының аумағынан жиі өтуі нәтижесінде 0,1-ден 12 мм-ге дейін жауын-шашын байқалды. Ал 5 мамырда түнде облыстың орталығында 19-27 мм шамасында қарқынды жауын-шашын тіркелді. Маусым айында Оңтүстік және Атлантикалық циклондардың ықпалына байланысты 06-09 және 22-30 маусымда 0,1-ден 4 мм-ге дейін жауын-шашын түсті.

Шілде айында (01-22 шілде) облыс аумағы баяу қозғалатын Оңтүстік циклонның ықпалында болды. Сонымен 06, 08 және 10-20 шілде күндері 0,1-ден 13 мм-ге дейін жауын-шашын түсті.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласында түскен жауын-шашын табиғи синоптикалық жағдайлармен байланысты болғанын және 10 күнге дейінгі дәлдікпен алдын ала болжанғанын атап өткен жөн», - деп жазады синоптиктер.

Қазгидромет жауабынан бұл жазда Солтүстік Аралдың суы аспаннан түскен жауынның әсерінен емес, Шардарадан келген судың есебінен молайғанын түсінуге болады.

«Қаратерең ауылының гидробекетінде тіркелген мәлімет бойынша биыл Солтүстік Арал теңізіне Сырдария өзені арқылы, бірінші жарты жылдықта 1 млрд 138 млн текше метр су келіп түскен. Бұл көпжылдық мәліметпен салыстырғанда 33% төмен. Аталған бекеттің көпжылдық мәліметтері бойынша жылдық су көлемінің төмендеу тенденциясы байқалады.

Солтүстік Арал теңізінің су деңгейіне келер болсақ, маусым айында орташа су деңгейі 4118 см болды. Бұл – өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда 4 сантиметрге, көпжылдық мәнмен салыстырғанда 93 сантиметрге төмен», - делінген жауапта.

«Аралдың аспанында қолдан жаңбыр туындату мүмкін емес»

«Қазгидромет» мамандары Арал өңірі сияқты шөлейтті аумақтың атмосферасынан қолдан жаңбыр туындату мүмкін емес екенін айтады.

«Арал маңы континенталды климатпен сипатталатын, құрғақ әрі ылғал тапшы аймақ болып есептеледі. Жылдық жауын-шашын мөлшері 100-130 мм шамасында болса, жылдық буланушылық мөлшері одан ондаған есе жоғары, яғни 1250-1450 мм. Бұл өз кезегінде жауын-шашын есебінен үлкен аумақты су ресурстарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін шектейді.

Атмосфералық процестер өте күрделі болғандықтан, жауын-шашын мөлшерін қолдан арттыру үшін сәйкес климаттық потенциал қажет. Арал өңірінде ондай потенциал аз. Қазақстандық ғалым-метеорологтердің жүргізген зерттеулеріне сәйкес, елдің тек солтүстік аймақтарында ғана бұлттардағы су қорының жауын-шашын мөлшерін арттыруға жеткілікті потенциал бар. Ал қалған аймақтарда бұл көрсеткіштер мардымсыз. Бұл мәліметтер профессор, география ғылымдарының докторы А.В. Чередниченконың «Қазақстан климатының өзгеруі және қол жетімді бұлт су қорлары есебінен бейімделу мүмкіндіктері» атты монографиясында көрсетілген (Монография. Бішкек: Илим, 2009. – 260 б.).

Ресей мен АҚШ-та жүргізілген эксперименталды зерттеулер қазіргі технологияның мүмкіндіктері табиғи жауын-шашын мөлшерін 10-15% ғана арттырылатынын дәлелдеген», - делінген «Қазгидромет» қорытындысында.

Сондай-ақ, жауап авторлары Өзбекстан тарапының Қазақстанға Сырдария арқылы 3,7 млрд текше метр су беруге келіскенін еске салады.

Ресми мәлімет бойынша, 1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы Қазақстанға 3,9 млрд текше метр су жіберген. Осылайша су қоймасынан Сырдарияның төменгі ағысына 3,6 млрд текше метр су босатылған. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 950 млн текше метр көп. Нәтижесінде Қызылқұм каналына 700 млн текше метр су, Солтүстік Аралға 400 млн текше метр су жіберілген.

https://kaz.inform.kz/