Халық базарда қандай ет сатылып жатқанын білмейді

Халық базарда қандай ет сатылып жатқанын білмейді
фото: Фото: freepik

Биылдан бастап Қазақстанда 10 шілде – Ветеринария қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтетінін білеміз. Алайда бұл дата қызметкерлерді құдды мүсіркегендей сипат алды, себебі саладағы ретсіздік бастан асады.

Негізі ветеринария көп саланың бірі секілді көрінгенімен, маңызы орасан. Дұрыс басқарылса – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық тұрғыдан пайдасын келтіреді, кері кетсе – түрлі аурудың ошағын тудырып, әрісі халық саулығына зиянын тигізуі мүмкін. Өкінішке қарай, қазір екінші сценарийдің басымдығы бар.

Мал ауруы адамдарға қауіп төндіруде

Елде ветеринария жүйесін реформалау сонау 2002 жылы "Ветеринария туралы" заң қабылданған кезде басталған. Алайда жақсы нәтижеге жетпедік. Жыл сайын мал қырылып қана қоймай, кейінгі уақыттарда адамдарға берілетін жануарлардың өткір және созылмалы жұқпалы ауруларының ошақтары шықты. Құтыру және бруцеллез барлық өңірде тіркеледі. Мәселен, бруцеллез ауруы 2020-2021 жылдары 2 пайызға артқан, малдың сібір жарасы – 6 есе, лептоспироз – 5 есе, анаэробтық энторотоксемия – 5 есе, вирусты диарея мен инфекциялық ринотрахит 113 пайызға өскен. Барлық ауру қоздырғыштарының 80 пайызы жануарлардан шыққанын ұмытып кеткендейміз.

Ал 2023 жылы республикадағы мал ауруының 19 түрі бойынша 235 ауру ошағы тіркелген. Жақсы емес, алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі үш жылда дерттің таралуы 41,2 пайызға кемігенін алға тартады.

Ең қорқыныштысы, қазақстандықтар өздерінің қандай ет тұтынып жүргенін білмеуінде. Қазір базарлар, жалпы ет сататын нүктелер жекенің қолында. Ал ол дүкендердің иелері "өз ветеринарын" қояды. Бірақ ол мал дәрігері иесінен ақша алып отырып, жаман өнім келіп жатса да шикілігін айтпайды, жақсы деп мөр басып береді. Бұл процестерді түбіне жетіп ешкім тексеріп жатқан жоқ. Қазақстанда жыл сайын онмыңдаған бас малдан адамға жұғатын бруцеллез анықталады. Анықталмай жатқаны қаншама, оның арасында ет ретінде сатылып кеткені жоқ екеніне сене алмаймыз. 

Бұрын барлығы тек мемлекетке бағынатын ветеринарлардың қолында болды. 2010 жылға дейін Республикалық ветеринариялық зертхана мемлекеттік аккредиттеуді алып, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып жұмыс істеді. Өзінің ақылы қызметі есебінен керегін қамтамасыз етіп, тіпті, материалдық-техникалық базасы жақсарған еді. Қазір мал соятын жерлер де тексерілмейді. Соның әсерінен еттің сапасына күмән көбейді. Жекеге кеткен ішкі сауда объектілеріндегі лабораторияларды мемлекет меншігіне қайтарып, ветеринариялық-санитарлық сараптаманы түгелдей Республикалық ветзертхананың (барлық өңірлерде филиалдары бар) қарамағына бермейінше, күмән сейілмейтіндей.

Оның үстіне мал ауруларымен күресте жүйелі және дәйекті тәсілдің болмауынан шетелдерден асылтұқымды малмен бірге экзотикалық аурулар, блютанг, шмалленберг, нодулярлық дерматит сияқты індеттер кірген.

Ал жұқпалы аурулардың алдын алу ісінде оңып тұрған дүние жоқ. Үкімет бұл жағдайда дереу көрші елдерден вакцина сұрауға мәжбүр. Тек 2018-2021 жылдар аралығында Қазақстан Ресейден 7,8 млрд теңгеге аусылға қарсы вакцинаның 110,5 млн дозасын сатып алыпты. Бұл – бүкіл сатып алынған вакцина шығынының 35 пайызын құрайды. Ал ірі қара малдың нодулярлық дерматит ауруының вакцинасына 2021 жылы 9 млн дозасы үшін 2,1 млрд теңге жұмсалған. Экономикаға өте үлкен шығын. Былтырдың өзінде 11,4 млрд теңгеге 167,2 млн доза вакцина алынған.

2018-2021 жылдары 22,1 миллиард теңгеге сатып алынған ветпрепараттардың 44,7 пайызы отандық өнім болған, қалғаны импортталған. Қызығы мұнда да түсініксіз жайт бар, мысалы, аталған аралықта Павлодар облысы 450 млн теңгеге Ресейдің Берский биокомбинатынан масамен күресу мақсатында биопрепараттарды бір көзден сатып алған. Ал мұндай препараттарды бағасы 30 пайызға арзан отандық Степногор қаласындағы BiotronGroup ЖШС да шығарған, бірақ тиімді бола тұра әкімдік отандық компанияны конкурстардан шектеген.

Зертхана бар, маман жоқ

Елімізде тек 2010-2012 жылдардың өзінде 14,6 млрд теңгеге 114 малдәрігерлік зертхана пайдалануға беріліпті. Бірақ осы зертханаларда бар болғаны екі бөлім жұмыс істейді. Паразитолог Сәдібек Тоқпанның айтуынша, "Республикалық ветеринарлық зертхана" РМК штатында әр ауруға республика бойынша мониторинг жасап отыратын микробиолог, серолог, бактериолог, ихтиопатолог, токсиколог, миколог, вирусолог, биохимик, паразитологтер жоқ. Микологиялық, токсикологиялық және паразитологиялық зерттеулер мүлде жүргізілмейді.

– Бұрын паразитологиядан екі жылда бір рет облыстағы мамандарды жинап, даярлықтан өткізіп тұратын. Жолсапарға шыққанда дәріс оқып, әртүрлі ауруды анықтау, емдеу, алдын алу жайында тәжірибелік сабақ өткізілетін. Мемлекет қаражатына салынған екіқабатты зертханаларда кішігірім жануарларға тәжірибе өткізетін орын да жоқ. Тек мемлекеттік тапсырысқа жататын серологиялық зерттеулермен шектелген, ал зертхананың басқа ауруларға тексеруге мүмкіндігі бар болса да, мамандардың жоқтығына байланысты барлығын облыс орталығына жүктеген. Егер адамдар және жануарлар арасында жұқпалы ауру одан сайын өсіп кетпесін десек, жаңа заң шығаруға тиіс. Әйтпесе эпизоотологиялық жағдайды өршітеміз. Сондай-ақ елді мекендерде беттері ашық шұңқырларда мал өлекселері жатады. Ол неше түрлі инфекциялық және инвазиялық ауру таратады. Сондықтан малы бар әр ауылда өлген жануардың өлексесін залалсыздайтын терең биотермиялық апандарды салу және талаптарға сәйкес ұстау үшін қаражат бөліп, құрылысы мен сапасын үнемі тексеру қажет, – дейді маман.

Осыған қарап ең алдымен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық диагностикалық бөлімдері бар Республикалық ветеринариялық зертхананы қайта құру қажет екенін түсінеміз. Бұған дейін Маңғыстауда облыстық ветеринарлық лаборатория жоғы айтылды. Құрық порты арқылы елімізге арғы Иран мен Әзербайжаннан қаншама азық-түлік келуде. Лаборатория жоқ, қауіпсіздігіне көз жетпестен сол тауарларды ел тұтынуда. Ал салаға жауапты министрлік ғимараттың апаттық жағдайда тұрғанын алға тартумен шектеледі.

2022 жылғы есеп бойынша, елімізде 10 798 ветеринар маман жұмыс істеген. Орташа жасы 40-55 жас аралығы болыпты. Ал тапшылық 810 деп көрсетілген. Жыл сайын ветеринария саласы бойынша 1 000-нан астам студент диплом алып шығады. Мысалы, 2021 жылы – 1 283 түлек болса, соның 712-сі ғана сала бойынша жұмысқа орналасқан. Қазіргі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен 2022 жылы сұхбат құрғанымызда бір жайтты айтып бергені есте.

– С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне бардық. Бөлінуді күтіп отырған "Ветеринария" факультетінің екі тобының 5-курс студенттерімен кездестік. 80 пайызы қыздар екен. Сол кезде білім алғандардың тек біреуі шаруашылықта жұмыс істегісі келетінін айтты. Қалғандары клиникада қалып немесе магистратурада оқуын жалғастырмақ ниетте екен, – деген болатын.

Айтпақшы, алдыңғы жылдарға қарағанда биыл ветеринар мамандардың саны едәуір азайған. Қазір елімізде жалпы алғанда 8,5 мыңға жуық (3083 – жоғары білімді, 5376 – орта білімді) кадр бар. Бірақ тапшылық та кеміп, 464-ті құрапты. Орташа жас сол баяғыдай – 45-50 арасы.

Біз тізген сан мәселе шешімін таппай, осы бағытпен жүре берсе, елдің ауыл шаруашылығы саласы келешекте шатқаяқтап қалуы ғажап емес. Ақырында оның зияны адамдардың денсаулығына тиетінін ескерген жөн. Сондықтан салаға жауапты ведомство осы мәселелерді шұғыл қолға алғаны абзал.

ҚазАқпарат