Отандық туризм қайтсе дамиды?

Отандық туризм қайтсе дамиды?
фото: https://pixabay.com/ru/

Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, соңғы бес жылда отандық туризмді дамытуға шамамен 14 миллиард теңге бөлінген.

Отандық туризмді дамытуға мемлекет жыл сайын миллиардтаған қаражат бөліп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді. Десек те, одан біздің туризм ілгері басқан емес.

Республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттан өзге, бұл салаға  бөлінетін өңірлік қаржыландыру механизмі де бар. Яғни, туризмді дамытуға кететін қаржы 14 миллиард теңгеден әлдеқайда көп. Бұл қаражаттың барлығы елдегі туристік өнімді кеңейтуге, инфрақұрылымды дамытуға, кадр даярлау мен біліктілікті арттыруға жұмсалатын көрінеді.

Айта кетуіміз керек, ұзақ уақыт бойы мемлекет туризмді дамытуға аса көңіл бөлмеген еді. Қазір туризмді дамыту үшін қолайлы кезең туып тұр. Мемлекеттік қолдау шаралары мен нақты қаржыландыру, арнайы құрылым пайда болды. Енді тек ішкі инвесторларды заңнамалық тұрғыда қолдау қажет, сол кезде өзіміздің бай-бағыландар туристік инфрақұрылым мен қызметтерді дамытуға қорықпай инвестиция салатын болады.

Мемлекет туризммен айналысатын компанияларға әрбір шетелдік турист үшін шамамен 15 мың теңге төлейді. Ол ақша бір адамға жұмсалатын шығынның аз да болса бір бөлігін жабады.

Осыған қарамастан, сарапшылардың айтуынша Қазақстанда туризмді дамыту міндеті жүктелген мемлекеттік органдар тым көп екен. Жекелеген жауапты мекемелер жоқ, бірақ тесеріс жасауға, рұқсат беруге, салық салуға келгенде бұл саланы бақылауға алған құзырлы мекемелер өріп шыға келеді.

Ол аздай, жергілікті әкімдіктер көбінесе турбизнесті қалай жүргізу керектігін білмейтін өз адамдары мен бизнесмендерін тықпалауға әуес. Нәтижесінде, туризм дамымақ түгілі, қып-қызыл сауда мен экологияға нұқсан келтіретін зиянкестер тобы пайда боп шыға келеді.

Елімізде туристік саланы дамыту үшін біртұтас мықты үйлестіруші орган қажет. Оған бүкіл ел аумағында жер жағдайына қарай отандық туризмді дамыту стратегиясын жоспарлайтын, керек жерінде талап ете алатын құзырет берілуі тиіс. Міне, сол кезде бізде туризмнің ұлттық ерекшелікке бай өзіндік қағидаты қалыптасады деп ойлаймыз.

Сондай-ақ, отандық туризмді дамытуға кедергі боп тұрған негізгі мәселенің бірі, бізде өркениетті инфрақұрылымның болмауы. Қарап отырсаңыз, бізде дұрыстап көлік қатынайтын жолдардан бастап, туристік аймақтарда электрмен жабдықтау, ауызсумен қамтамасыз ету және қалдықтарды кәдеге жарату механизмі жолға қойылмаған.

Туризмді дамыту мәселесін сауатты қолға алсақ, бұл сала толығымен өзін өзі ақтайды. Өйткені, туризммен бірге біздің ауылдық жерлеріміз де ілгері басар еді. Мемлекет тарапынан тек инфрақұрылымды жетілдіруге көмек беріліп, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға ықпал етсе болғаны. Қалған үйлестіру жұмыстарын белгілі бір органдық басқару тетігіне бергені дұрыс.

Бізде бірер жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігі елімізде туристік саланы дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеген еді. Оған дейін Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2023-жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Одан да бұрынырақ Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025-жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істей бастады. Қарап тұрсаңыз, жоғарыдан қабылданып, өңірлер жүзеге асыруы керек болған бағдарламалардың барлығы ілгері басқан жоқ. Себеп? Өйткені, бұл сала бюджеттен миллиардтап қаржы бөлінгенімен, қағаз жүзінде ақпар берумен ғана шектелетін жемқорлық машинаның ғана рөлін атқарып тұр.

Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, 2023-жылы елімізге 9,2 миллион турист келген екен. Бұған дейінгі рекордтық көрсеткіш – 2019 жылы 8,5 миллион турист. Қазақстанның табиғаты мен қалаларын тамашалауға келгендердің дені ТМД елдерінен келген қонақтар, одан кейінгі кезекте ең көп келушілер Қытай мемлекетінен келген туристер. Бірақ, бұл көрсеткішке қатысты Мемлекет басшысы өткен жиынның бірінде туристер қатарына шетелден елімізге ресми сапармен келген дипломаттарды да есептеп жібергені жайлы сын айтты.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қытайдан келген туристер саны 20 есеге (2022 жылы 17,7 мың адамнан 2023 жылы 367,4 мың адамға дейін), Үндістаннан - үш есеге (2022 жылы 28,3 мың адамнан 2023 жылы 78 мың адамға дейін), Оңтүстік Кореядан 2,5 есеге (2022 жылы 367,4 мың адамға дейін) өсті. 2022 жылы 15,8 мың адам 2023 жылы 35,6 мың адамға дейін), Катардан екі есе (2022 жылы 500 адамнан 2023 жылы 1000 адамға дейін), Германиядан 50% (2022 жылы 57 мың адамнан 2023 жылы 85 мың адамға дейін), 50% БАӘ - ден (2022 жылы 6500 адамнан 2023 жылы 10500 адамға дейін) артқан.

Шетелдік қонақтардың қозғалыс маршрутына көз жүгіртсек, еліміздегі туристер көп келетін өңір – Алматы облысында орналасқан Іле Алатау қорығы. Одан кейінгі орында Каспи жағалауы мен Бурабай демалыс аймағы екен.

ҚазАқпарат