Жаңаөзенде заманауи газ өңдеу зауыты салынады
Бүгін үкіметте Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Себебі қазір істеп тұрған "Қазақ газ өңдеу зауыты" әбден тозған. Бұл туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу қажеттілігі туындап отыр.
"Жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының тозу деңгейі өте жоғары. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Жаңаөзен қаласында заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Бұл зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес жылына 900 миллион текше метр көлемінде шикі газды қайта өңдейді. Осыған байланысты ҚазМұнайГазға жобаны іске асыру жұмыстарын жеделдету қажеттілігін атап өтемін", - деді Мырзағалиев үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол облыста жалпы құны 266,6 миллиард теңге болатын 7 газ инфрақұрылымы жобасын іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Соның ішінде 207,4 миллиард теңгеге Бейнеу-Жаңаөзен учаскесінің бірінші желісін күрделі жөндеу және екінші желісін салу, 16,5 миллиард теңгеге Жаңаөзен-Ақтау магистралды газ құбырын күрделі жөндеу, 25,7 миллиард теңгеге Құрық ауылына Жаңаөзен-Ақтау магистралды газ құбырынан газ бұру және тарату құбырларын салу жобалары бар.
Министр бұл жобаларды жүзеге асыру арқасында Маңғыстау облысын газбен жабдықтау мәселесі толық шешілетініне сендірді.
Айта кетері, бүгін үкіметте Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через