Қарыз өсіп барады: депутаттар Қазақстанға техникалық дефолт қаупі төнгенін ескертті

Қарыз өсіп барады: депутаттар Қазақстанға техникалық дефолт қаупі төнгенін ескертті
фото: sputnik.kz

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов мемлекеттік борыштың өсіп бара жатқанына алаңдап, бюджет кірістерін ұлғайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

Депутаттың ақпаратынша, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 28,5 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстары 2026 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге (барлық шығыстың 14%-і) жетеді. Мұндай қарқынмен 2030 жылға қарай қарызға қызмет көрсету шығындары ЖІӨ-нің 49%-іне дейін барады.

"Үкіметтік борыштың өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынынан едәуір асып түседі. Мысалы, соңғы 15 жылда үкіметтік қарыздың өсу қарқыны орта есеппен 28%, ал жалпы ішкі өнім 15%-ті құрады. Егер жақын болашақта бұл жағдайды түзету үшін шаралар қабылданбаса, онда бұл біздің еліміздің бюджетінің техникалық дефолтына әкелуі әбден мүмкін", - деп ескертті Жұбанов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында 277 салық жеңілдігі бар екені көрсетілген. 2018-2020 жылдар аралығында шығын 12,9 трлн теңгені құрады. Экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берілгенімен, жеңілдіктердің ең көп үлесі қаржы секторына тиесілі.

"Қазақстанда қаржы секторының салық жүктемесінің деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Бұған қоса, банк жүйесін мемлекеттік қолдау 2010-2020 жылдар аралығында 6,6 трлн теңгені құрады. Салық салу мақсатында бұл түсімдер кіріс ретінде қарастырылмайды, бұл банктерге бюджетке салық төлемей, акционерлерге дивиденд төлеуге мүмкіндік береді", - деді ол.

Бес жыл ішінде қазақстандық банктердің табысы 3 еседен астам өскен.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі қызметкерлері бар жұмыс берушілерді қосылған құн салығын төлеуден босату бойынша жеңілдіктер бюджет алдындағы міндеттемелерін азайту үшін осы жеңілдіктерді теріс пайдалануға мүмкіндік береді. Жеңілдіктер қабылданған сәттен бастап ҚҚС бойынша босатылған айналым сомасы 16 есеге, 2018 жылғы 5,4 млрд теңгеден 2021 жылы 86,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

ҚазАқпарат