фото: sputnik.kz
Қазақстанда жаңадан әзірленген Әлеуметтік кодекс қабылданды. Осы құжат бойынша әрбір отбасының цифрлық картасы болады. Онда жүзге жуық көрсеткіш бар.
Соған қарай отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы бағаланып, жәрдемақы және тағы басқа қолдау шаралары жасалады. Мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ақпараттық жүйе көмекке мұқтаж адамдарды өзі тауып, SMS-хабарлама жіберіп отырады.
Картаның негізгі мақсаты
Цифрлық картаны енгізудің негізгі мақсаты – көмекке мұқтаж адамдарды дер кезінде анықтау және оларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету. Ал әрбір отбасыға қатысты толық ақпарат болғаннан кейін осы саладағы алаяқтық әрекеттер де азаяды деген жоспар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, цифрлық картада адамның аты-жөні көрсетілмейді. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ғана шығып тұрады.
"Бұдан былай мемлекеттік қолдау жүйесі түбегейлі өзгереді. Бір ғана мысал келтірейін, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін адамның табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің белгілі бір көрсеткішінен аспауы керек. Сол дәрежеге түскеннен кейін ғана біз әлеуметтік көмек беруіміз керек. Енді, олай болмайды, біз проблеманың салдарымен емес, себебімен күресеміз. Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты да сол", - дейді Дүйсенова.
Осылайша, үкімет алдымен адамның әлеуметтік көмек алатын дәрежеге түспеуіне жағдай жасайды.
"Мәселен, цифрлық картада біреуге екі айдан бері міндетті зейнетақы жарналары түспей тұрғаны көрсетіліп тұрады. Демек, ол адамның жалақының кешігіп жатыр, я болмаса, жұмысынан айырылды. Содан біз бірден хабарласып, бос жұмыс орнын немесе оқу курсын ұсынамыз. Жеке кәсіпті ашуға қажетті грант алу тәртібін түсіндіреміз. Сонда отбасы табысынан айырылмайды, қиын жағдайға түспейді. Мемлекетке де тиімді ғой, жыл сайын атаулы әлеуметтік көмек төлегенше адамды жұмысқа орналастыра салады", - деп атап көрсетті министр.
Ал жұмыссыз қалған адамның отбасы қиын жағдайға түссе, мемлекет тарапынан көмек беріледі. Бірақ цифрлық картадағы параметрлер ескеріледі.
Цифрлық картаның негізгі көрсеткіштері
Цифрлық картада әрбір отбасыдағы бала саны ғана емес, ай сайынғы табысы, жұмыспен қамту көрсеткіші, коммерциялық мүліктің бар-жоғы және тағы басқа ұзын саны 81 параметр бар.
Негізгі көрсеткіштер:
кредиттің бар-жоғы;
банк мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыз;
мүгедек балалардың бар-жоғы;
жан басына шаққадағы табысы;
жылжымайтын мүліктің саны;
тәртіп бұзушылықтардың бар-жоғы;
әрбір отбасы мүшесінің білім деңгейі;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы;
отбасы мүшелерінің денсаулығы;
соттылықтың бар-жоғы;
Осы көрсеткіштердің негізінде отбасылар тұрмыс жағдайына қарай A, B, C, D мен E топтарына бөлінеді.
Айта кеткен жөн, жасырын табыс табатындар үшін әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі төмен болады.
Әлеуметтік көмек қалай көрсетіледі?
Бұдан былай әлеуметтік көмек проактивті форматта көрсетіледі. Бұл дегеніміз, ешқайда барудың қажеті жоқ. Мемлекет өзі көмекті ұсынады. Мысалы, бала туса, ата-анасына SMS-хабарлама түседі. Онда алдымен құттықтау жазылады. Одан кейін жеке мәліметтерді өңдеуге келісім сұрайды. Соның негізінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Адам өз келісімін берсе ғана, ақпараттық базадағы жеке мәліметтерді өңдеуге жол ашылады. Ал бас тартқан жағдайда шлюз жабық болып тұрады. Артынан халыққа қызмет көрсету орталығына өздігімен барып, әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға болады.
"Негізі, жаңа жүйе бәрін автоматты түрде анықтайды. Зейнетақы жарналары түспесе, адамға өзі SMS-хабарлама жібереді де, заң жүзінде қандай көмек алуға болатынын көрсетеді. Келісім берсеңіз, қолдау шаралары жасалады. Одан бас тартсаңыз, өз еркіңіз, дегенмен, ондай мүмкіндіктің бар екенін біліп жүресіз. "Горсобеске" барып, атаулы әлеуметтік көмек сұраған күннің өзінде жұмысты ұсынады. Сосын бір рет төлейді, екі рет төлейді, ал жұмыстан бас тарта берсеңіз, жұмыссыз ретінде тіркемейді. Балаларға әлеуметтік көмек беріледі. Ал жұмысқа қабілетті адамға көмек төленбейді", - дейді министр Дүйсенова.
Алайда бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек. Бүгінде интернет алаяқтық қызып тұрған кезде халық сан алуан SMS-хабарламалардан, әсіресе, "Келісім бересіз бе? Жоқ па?" деген батырманы басу қызметінен әбден қорқып қалды. Сондықтан көбісі жаңа жүйенің хабарламаларынан бас тартуы мүмкін, я болмаса, ондай SMS-ты жауапсыз қалдыра салады.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін пилоттық жоба аясында 100 мыңнан астам хабарлама жіберілді. Соның ішінде 78 мың адамға көмек проактивті форматта тағайындалды, яғни, олар SMS-хабарламаға жауап берген.
Қазақстандағы кодекстің негізгі ерекшелігі
Министр Дүйсенованың айтуынша, Қазақстан ТМД аумағында Әлеуметтік кодексті бірінші болып енгізді. Түрікменстанда ондай кодекс бар. Бірақ ол құжат зейнеткерлерге ғана арналған. Ал Қазақстандағы Әлеуметтік кодекс әлеуметтік осал топтардың барлығын қамтиды.
"Еуропалық одақта әлеуметтік қамсыздандыру кодексі бар. Оны 1964 жылы қабылдаған. Құжатта нақты әлеуметтік стандарттар көрсетілген. Бүгінде Еуропаның 20-дан астам мемлекеті өз заңнамасын сол стандарттарға сәйкестендірді. Қалған елдер әлі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Қазақстан бірінші болып, толыққанды әлеуметтік кодексті қабылдады. Әрине, барлық мәселелерді ескердік деп айта алмаймын. Бұл қатып қалған құжат емес, керек болса, оны тағы жетілдіреміз", - дейді Дүйсенова.
1 шілдеден бастап кодекс заңды күшіне енгеннен кейін жаңа жүйе іске қосылады. Цифрлық карта бойынша әкімдер мен министрлердің жұмысы да бағаланады. Себебі онда облыс бойынша ғана емес, тіпті, шалғай жатқан ауылдағы жұмыссыздық пен тұрмысы төмен отбасылардың саны көрсетіліп тұрады. Ал барлық адамның жағдайы анық көрініп тұрса, бюджет қаржысы да тиімді жұмсалады.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через