фото: https://egemen.kz/a
Әлихан Смайылов Каспий порттарының экспорттық әлеуетін арттыруды тапсырды
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы өңір тұрғындарын сумен жабдықтайтын маңызды көздердің бірі – «Каспий» тұщыландыру зауытына барды.
Бүгінде зауытта кеңейту жобасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл тәулігіне судың өнімділігін 40 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Сумен жабдықтау – аймақ үшін, әсіресе, жазғы кезеңде, ең өзекті мәселелердің бірі. Жылдан-жылға тұщытқыш қондырғылар қуатының жетіспеушілігі сезіледі. Осыған байланысты Үкімет зауыттың өнімділігін екі есе арттыру үшін оны жаңғыртуға 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауына алынған. Барлық жұмысты сапалы әрі уақытында жүргізу қажет», – деді Премьер-министр.
Содан кейін Әлихан Смайылов Қазақстандағы аммиак және аммиак селитрасын өндіретін жалғыз кәсіпорын – «ҚазАзот» АҚ-ға барып, онда жаңа бейтараптандыру және буландыру бөлімшесін іске қосу рәсіміне қатысты. Премьер-министр Үкімет еліміздің өнеркәсіптік дамуын ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.
Сондай-ақ Премьер-министр жұмыс сапары барысында Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің қиылысу нүктесінде орналасқан Ақтау теңіз сауда портына барды.
«Маңғыстау облысының халықаралық маңызы бар, ауқымды көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуеті зор. Алайда, еліміздің теңіз порттарының мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды, ал жүктеме орта есеппен 21%-ды ғана құрайды. Бұл жағдайды өзгерту қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша экспорттық жүктерді бағыттау арқылы Ақтау және Құрық теңіз порттарының жүктемесін ұлғайту мәселесін пысықтауы қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через