Қалта ұрлығы — көпшілік ортада жиі істелетін қылмыстың бірі
Ұрыға қалтаны қағып кетуге кейде бірнеше секундтың өзі-ақ жетеді. Қоғамдық көліктегі қарбалас, дүкендегі кезек немесе жеке заттың оңай алынатын жерде тұруы ұрлыққа себеп болуы мүмкін. Сондықтан полиция адам көп жиылатын орында жеке заттарға мұқият болуға шақырады. Осыған орай, baribar.kz Ішкі істер министрлігінің жадынамасын ұсынып отыр.
Қалта ұрылары қай жерлерді таңдайды?
Ұрылар көбіне адам көп шоғырланған орында ұрлыққа түседі. Олардың қатарында қоғамдық көлік, аялдама, базар, сауда орындары және жаяу жүретіндер көп жүретін көшелер бар.
Мұндай жерлерде адамның назары айналасындағы қарбаласта болады. Әсіресе, автобусқа мінгенде жолаушы бос орын іздеп, жол ақысын төлеп немесе телефонын қолданып жатады. Адамдар бір-бірімен тығыз отырып, көліктегі қозғалыс ұрының әрекетін байқатпауға мүмкіндік береді.
Ұрлық қалай жасалады?
Ұры жәбірленушінің қалтасындағы телефонды немесе әмиянды білдіртпей алып, келесі аялдамадан түсіп кетуі мүмкін. Көп жағдайда адам өз заттарының жоғалғанын бірден емес, бірнеше минуттан кейін ғана байқайды.
Сондықтан адам көп жерде жеке заттарды көзге көрінетіндей, оңай ала алмайтын жерде ұстаған жөн.
Қалта ұрыларының жиі қолданатын басқа да тәсілін мына жерден оқыңыз.
Жеке заттарды қалай қорғауға болады?
Полиция қалта ұрлығын болдырмас үшін мына сақтық амалын ескеруді ұсынады:
- ұялы телефон мен әмиянды киімнің артқы немесе сырт қалтасына салмаңыз;
- қоғамдық көлікте сөмкені алдыңызда ұстаңыз;
- адам көп жиылатын жерде рюкзакты арқаңызға емес, алдыңызға ұстаған дұрыс;
- сөмке мен жеке заттарды қараусыз қалдырмаңыз;
- бағалы заттарды көзге түсетін жерде ұстамаңыз;
- айналаңыздағы адамдардың күмәнді әрекетіне мән беріңіз;
- телефонмен сөйлескенде немесе назарыңыз басқа нәрседе болғанда жеке заттарыңызды бақылаусыз қалдырмаңыз.