Бүгін таңертең Астанада полицейлер бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болған Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісін ұстады. Іс елорданың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сот нені анықтады?
Сот Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
"Ол алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана көшелерімен автокөлікті басқарып келе жатып 3 жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды", - деп хабарлады сот.
Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзып, соның салдарынан:
- жерасты паркингі қақпасының тіреуіне соғылған;
- басқа көлікпен соқтығысып, содан кейін инерция әсерінен тағы бір автокөлікке соғылған.
- кейін Kia Sportage автокөлігімен соқтығысқан, соққының әсерінен бұл көлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан көліктерге механикалық зақым келді. Сондай-ақ материалдық шығын келтірілген.
"Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды", - деп хабарлады сот.
Спортшының іс-әрекеті ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды.
Анықтама: Аталған бап санкциясында көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу көзделген.
Сот шешімі
Сот отырысында спортшы өз кінәсін толық мойындады.
"Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ. ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады", - деп нақтылады сот.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.