Қазақстанда пранктерді реттеу мәселесі талқылануда

Қазақстанда пранктерді реттеу мәселесі талқылануда
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/JulyProkopiv

Қазақстанда рұқсатсыз түсірілімдер мен пранк видеоларға қатысты шағымдар көбейіп, бұл бағытты заң жүзінде реттеу мәселесі көтеріліп отыр. Бұл туралы Сенатта журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде қоғамда бейтаныс адамдардың қатысуымен жасалған пранктерге байланысты арыз-шағымдар артып келеді.

«Пранктер бар, рұқсатынсыз жүргізілетін түсірілімдер бар. Сондықтан бұл норманы жан-жақты талқылау қажет. Қазір осы бағытта жұмыс тобы құрылып жатыр. Қаласаңыздар, сіздерді де жұмыс тобына қосуға дайынбыз. Кімді, қалай түсіруге болатынын нақты айқындау керек», – деді Аида Балаева.

«Шенеуніктерді қорғау ма?» деген сұраққа жауап

Журналистер министрден бұл бастама шенеуніктерді түсіруден қорғау әрекеті емес пе деп сұраған еді.

Балаева мұндай пікірмен келіспейтінін жеткізді:

«Шенеуніктер камераға үйреніп қалған. Қайда барсақ та, әр қадамымызды түсіріп жатады. Сондықтан мәселе шенеуніктерді емес, жалпы қоғамдағы түсірілім мәдениетін ретке келтіруді көздейді», – деді ол.

Министрдің айтуынша, жаңа жұмыс тобына журналистер де, қарапайым азаматтар да ұсыныстарын жолдап, осы саладағы нақты нормаларды бірлесіп әзірлей алады.

Даулы пранктер және құқықтық жауапкершілік

Соңғы уақытта Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде түсірілген пранктер де қызу талқыланып келеді. Соның бірі – Қытай мен Өзбекстанда бейтаныс азаматтарды аяқ-қолынан ұстап, пранк жасаған блогер Аружан Айбекова. Оның әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырып, блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Министрлік дерегінше, жыл басынан бері пранк жасағаны үшін 20-дан астам адам жауапқа тартылған. Бұл жағдай қоғамда қауіпсіздік, этика және азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау мәселелерін қайта көтеріп отыр.

Пранк түсірер алдында нені білу қажет?

Маман пікірінше, пранк түсіретіндер ең алдымен төмендегі нормаларды ескеруі тиіс:

Жеке өмірге қол сұқпау: азаматтың рұқсатынсыз оның бейнесін жариялау заң алдында жауапкершілікке себеп болуы мүмкін.

Қоғамдық тәртіпті сақтау: адамдарға үрей тудыратын немесе қоғамдық орында алаңдаушылық туғызатын әрекеттер құқық бұзушылық болып саналады.

Қауіпсіздік: адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін түсірілімдер толықтай тыйым салынады.