Тегін Wi-Fi арқылы қандай деректерді жіберуге болмайды

Тегін Wi-Fi арқылы қандай деректерді жіберуге болмайды

фото: pixabay.com

Қоғамдық орындардағы тегін Wi-Fi желілері жеке деректеріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Алаяқтар жалған желілер құрып, пайдаланушылардың мәліметтерін қолға түсіруге немесе құрылғыларына кіруге әрекет жасайды.  

Кафе, әуежай, сауда орталығы мен қонақүйдегі тегін интернет күнделікті өмірде жиі пайдаланылады. Алайда мұндай желілердің бәрі бірдей қауіпсіз емес. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Қоғамдық Wi-Fi желісінің қандай қаупі бар?

Мамандардың түсіндіруінше, алаяқтар қоғамдық орындарда шынайы желінің атауына ұқсас жалған Wi-Fi желісін құруы мүмкін. Оған қосылған адамның деректерін ұстап қалуға немесе құрылғысына кіруге әрекет жасалуы ықтимал.

Сондықтан интернетке қосылмас бұрын желінің нақты атауын тексеру қажет. Мысалы, кафе немесе қонақүйде болсаңыз, Wi-Fi атауын мекеме қызметкерінен сұраған дұрыс.

Мамандар қоғамдық Wi-Fi желісін құпия әрекеттер жасауға арналған орын ретінде қарастырмауға кеңес береді.

Тегін Wi-Fi арқылы қандай деректерді жіберуге болмайды?

Қоғамдық желіге қосылған кезде интернет-банкиңге кірмеген, банк картасы деректерін, құпиясөздерді және басқа да құпия ақпаратты енгізбеген жөн.

Мұндай желі арқылы ақша аудару, мемлекеттік электрон қызметтерді пайдалану немесе маңызды құжаттарды жіберуге болмайды.

Банк қосымшасына, eGov порталына немесе электрон поштаға кіру қажет болса, мобайл интернетті пайдаланған қауіпсіздеу.

Фото: pixabay.com.

Wi-Fi желісін қауіпсіз пайдалану жолдары

Мамандар қоғамдық интернетке қосылғанда бірнеше ережені сақтауға кеңес береді.

Біріншіден, телефондағы Wi-Fi желілеріне автоматты түрде қосылу қызметін өшіріңіз. Өйткені құрылғы бұрын қосылған немесе атауы таныс желіге өздігінен қосылып кетуі мүмкін. Желіні өзіңіз таңдағаныңыз дұрыс.

Екіншіден, күмәнді сайттар мен сілтемелерді ашпаңыз. Сайттың HTTPS арқылы қорғалған қосылымды пайдаланатынына назар аударыңыз.

Үшіншіден, белгісіз файлдарды қабылдамаңыз. Қажет болмаса, AirDrop, Bluetooth және файлдарды бөлісу қызметтерін өшіріп қойған жөн.

Төртіншіден, қоғамдық интернетті пайдаланып болған соң Wi-Fi байланысын ажыратыңыз. Пайдаланған желіні құрылғының сақталған желілер тізімінен өшіріңіз. Бұл телефонның кейін сол желіге автоматты түрде қайта қосылуына жол бермейді.

Мамандар маңызды әрекеттер үшін мобайл интернетті немесе сенімді, қорғалған желіні таңдауға кеңес береді.

Ең бастысы – тегін интернетке қосылғанда сақ болу. Қоғамдық Wi-Fi күнделікті ақпарат іздеуге ыңғайлы болғанымен, банк операциялары мен құпия деректерді жолдауға қауіпті болуы мүмкін.

 

Материал baribar.kz сайтынан алынды. 

Subscribe to our social networks and stay up to date with all the events!

Read also

Subscribe
Comments
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите