Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында құсбегілікті бекзат өнер ретінде ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін танытудың бір тетігі ретінде қарайтын отбасы бар. Бақытбек Манайұлы мен жұбайы Ардақ Жомартқызы бірге құсын қолына алып, түрлі фестивальде туристер ықыласына бөленіп жүр.
Соңғы жылдары ШҚО аумағында ұлттық фестиваль, жиын, спорттық сайыстар жиі болып жүр. Солардың қайсысына барсақ та, қолына құсын көтеріп жүрген адамға деген көзқарас бөлек. Өңірдің әр түкпірінен, республика мен шетелдерден меймандар келетін іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысамын,-дейді Бақытбек Манайұлы. Жұбайым да әркез жанымда. Шараға бармас бұрын қарапайым жүріс-тұрысымызды, бүркітпен серуендеу алаңын шамалап, бекітіп аламыз.
Осыдан 2 жыл бұрын Ұлан ауданы аумағындағы Қызылтас тауына шығатын фестивальге де қатысқан. Біреулер жүгіріп, біреулер асықпай жүріп шыға алмаған тауға құсбегі құсымен бірге қиналмай көтерілген.
Ол өзі бұны бір жағынан нәпақа табудың жолы деп қарайды. Алайда Бақытбектің кәсібі алыс-жақыннан келген қонақтардың қызығушылығын туғызуда. Көрген адамдар бүркітті сипалап, суретке түскісі келіп жатады. Шығыс Қазақстанда құс ұшыратын адамдар көп екен деген түсінік қалыптастыру арқылы қонақтардың туған өлкемізге деген махаббатын туғызғым келді дейді ол.
Биыл Катонқарағай ауданына әнші Димаш Құдайбергенұлы келгенде де Бақытбек пен Ардақ құстарымен көптің ырзашылығына бөленді. Келген қонақтар жан-жақтан қаумалап, суретке түсу үшін кезекке тұрып жатты.
— «Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі» фестиваліне зайыбым Ардақпен арнайы бардық. Қонақ ретінде шақырылған едік. Сонда фотоаймақ ұйымдастырдық. Катонқарағайдағы дүбірлі думан тамаша өтті. Бекзат өнеріміз де дәріптелді, демалып та қайттық. Біз ұлттық құндылықты биікке шығарғымыз келеді.
— Бақытбек қыран баптауды 2019 жылдан бері бастаған. Бүркіт бір жылқының соғым етін жеп қояды. Бірақ оның да өз тәртібі бар. Сойылған мал етін мұздатқышқа салып қатырып, кейін біртіндеп жібітіп беріп отырамыз дейді.
— Аңшылық маусым ашылып, рұқсат алған соң қыран құсын ұшырамыз. Оларға қыс кезінде алған аңның еті беріледі. Қысқасы, қыс пен жазғы күтім екі түрлі. Қазір асырап отырған қос қыраным — Қыран және Мұзбалақ.
Бақытбек пен Ардақтың қыран құстары туристердің назарын көп аударады. «Қолында құсы бар екен» деп тоқтай қалып суретке түсіп, таң-тамаша болып жатады. Табиғаттың сұлулығы мен бүркіттің сұлулығы қатарласып, тамаша көріністің куәсі болғандарын айтып кетеді. Жалпы, қыран деген сөз аңды қырып алған құс дегенмен астасады. Кезінде бір ауылды асыраған құс қой, шіркін,-дейді құсбегі жігіт.
Отбасымен тазы ертіп, екі бүркітін алып ауыл-аймақтағы той-томалаққа қызмет етіп жүрген жайы бар. Үйленетін жігітті алып шығу, сосын тұсаукесерге де шақырту алып тұрады. Дәстүрді насихаттап, ата-баба мұрасын, басқа да бағыттарда көрсетуге болады,-дейді бүркітші жігіт.
Дерек көзі:https://kaz.inform.kz