Депозит, доллар әлде тұрғын үй: сарапшы теңгені қайда салу керегін айтты

Депозит, доллар әлде тұрғын үй: сарапшы теңгені қайда салу керегін айтты

фото: Kazinform / ЖИ

Жаздың аяғы мен күздік басы теңге үшін қолайлы болып жатқанын бұған дейін де жаздық. Біршама нығайып алған теңгенің осы құнын сақтап қалу үшін қайда салған дұрыс? Депозитте ұстау керек пе әлде арзан кезінде доллар сатып алған жөн бе? Жылжымайтын мүлікке салу қаншалықты тиімді? Kazinform тілшісі жылжымайтын мүлік сарапшысы Виталий Шалаевпен осы мәселе төңірегінде сұхбаттасты.

4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін түсірді. Алайда реттеуші орган базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетудің мүмкіндігі тарылып келе жатқанын атап өтті. Бұл бір жағынан активін теңгемен сақтап отырғандарға жақсы сигнал деуге болады. Дегенмен сақтық үшін қолындағы ақшасын әртараптандырып ұстауды жөн көретіндер басым. 

- Қазір доллар сатып алатын уақыт па?

- Инвестицияға салғысы келетін бос теңгеңіз болса, доллар арзандады екен деп дәл қазір сатып алуға асықпаған жөн. Жыл соңына дейін доллар бағамы одан әрі төмендеуі ықтимал деп есептеймін. Қазір теңгенің кірістілігі маған тартымдырақ көрінеді.

Теңгені қолдап тұрған факторлардың бірі – Ұлттық қордан валютаның сатылуы. Валюта теңгеге айырбастау үшін нарыққа шығарылғанда, оның ұсынысы көбейеді. Бірақ бағамға әсер ететін жалғыз фактор бұл емес. Импорттаушылардың сұранысы, экспорттан түсетін валюта түсімі, мұнай бағасы және сыртқы жағдай да маңызды. Сондықтан менің қазіргі ұстанымым – бос теңгені кіріс әкелетін құралдарға орналастырып, жыл соңына қарай жағдайды қайта бағалау. Бұл – менің жұмыс сценарийім ғана. Доллар міндетті түрде арзандай береді деген сөз емес.

Ал доллармен өтейтін шығын жоспарлаған адамға қазіргі кезең қолайлы болуы мүмкін. Мысалы, баласының шетелдегі оқу ақысын төлеу немесе шетелден зат сатып алу керек болса, бұдан да төмен болар деп күтіп отпай, «темірді қызған кезде соғуға» болады. 

- Базалық мөлшерлеме төмендеп келеді. Депозиттегі ақшаны алатын кез келді ме?

- Базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозитті жабуға өздігінен себеп емес. Ең алдымен ақшаңызды қайда салатыныңызды және жаңа нұсқаның неліктен тиімді екенін анықтап алу керек.

Менің байқауымша, кейбір адамдар депозитке балама іздей бастады. Бірақ асықпаған жөн. Теңгемен ашылған депозитке 19%-ға жуық жылдық мөлшерлеме ұсынып отырған жекелеген ұсыныстар бар. Бірақ онда ұснысты таба білу керек. Өйткені жалпыға арналған депозит емес. Салатын ақшаның сомасына байланысты талаптары бар. 

Ақшаны басқа мақсатқа жұмсау қажет болмаса және лайықты инвестициялық мүмкіндік табылмаса, депозит әзірге жұмыс істейтін құрал болып қала береді. «Бірдеңе істеу керек» деген инерциямен ақшаны бір құралдан екіншісіне ауыстырудың қажеті жоқ.

Депозиттегі балама құрал салған ақшаңызды қажет кезінде еш шығынсыз, комиссиясыз бере сала ма? Салымның қандай бөлігіне кепілдік беріледі? Осының бәрін де ескеру қажет.

- 5 немесе 20 млн теңге жинағы бар адам не істегені дұрыс?

- Ақша пайда болды екен деп міндетті түрде қандай да бір материалдық актив сатып алудың қажеті жоқ. Қазір мұндай көлемдегі бос теңге үшін менің негізгі нұсқам – қолайлы шарттары бар депозит. Қаражаттың бір бөлігі күтпеген шығын болған жағдайда шешіп алатын құралда жатқаны жақсы.

Виталий Шалаев Фото: Виталий Шалаевтың жеке мұрағатынан

Капиталыңызды доллармен сақтау арқылы инфляциядан қорғағыңыз келсе, валютамен ашылған құралдарды да қарастыруға болады. Бірақ валютаны қашан және қандай құралға айырбастау керектігін саналы түрде шешу қажет. Валюта сатып алу мен облигация сатып алу – екі бөлек шешім.

Жинақтың көлемі стратегияңызды емес, стратегияңыз жинақ көлемін анықтау керек. Ең маңыздысы – адамға бұл ақша алты айдан кейін керек пе әлде бірнеше жылға инвестициялай ала ма деген сұрақ.

- Ал басы артық 50 млн теңге болса ше?

- Әзірге шынымен тартымды ұсыныс болмаса, депозиттегі кірісті сақтаған дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар елеулі жеңілдікпен сатылып жатқан сапалы жылжымайтын мүлік нұсқаларын іздеуге болады. Бірақ жеңілдікпен ұсынылған бағаны нарықтағы сандармен салстырып қана шешім қабылдау керек. Жеңілдіктің де түр-түрі болады. Оның қаншалықты шынайы жеңілдік екенін түсіну үшін нарықтағы шынайы бағаны зерттеген дұрыс. Нарықтағы шынайы құннан кемінде 25 пайыз арзан ұсыныс кездессе, ойлануға болады. Одан аз жеңілдікті қарастырудың мәні аз.

Тіпті арзан нұсқаға тап болған күннің өзінде қазіргі иесі оны неге жеңілдікпен сатып жатқанын, құжаттарының дұрыстығын, жөндеуге қанша қаражат қажет болатынын, кейін бұл нысанды кімге сатуға немесе жалға беруге болатынын зерттеу керек. Жинақтың бәрін баспанаға салып, өзіңізді ақшасыз қалдыруға да болмайды.

- Жеңілдік неге кемінде 25% болу керек?

- Үй сатып алатын ақшаңызды дәл қазір депозитке салсаңыз, жылына шамамен 19% кіріс әкелуі мүмкін. Ал сатып алғыңыз келген пәтердің нарықтағы құнынан арзандығы 19%-ға жетпесе, қозғаудың қандай мәні бар? 

Жылжымайтын мүліктің өтімділігі төмен. Оны сатып алуға уақыт кетеді, ұстауға шығын жұмсалады, сату ұзаққа созылуы мүмкін. Жөндеу, жалға алушы болмай тұрған кезең және мәміле шығындары да бар. Осының бәрін есептеу қажет. Сол шығынның бәрі пәтердің нарықтағы құнынан артылған ақша жаба ма? Сондықтан жеңілдікпен сатып алған баспанаңыз, сапалы, өтімділігі жоғары болуы да керек. 

- Сіз айтқан талаптармен пәтер сатып алдым дейік. Құнын жолғалтпау үшін қашан сатып үлгеру керек? 

- Мен шамамен бір жарым-екі жылға есептер едім. «Сатып алып, үш-алты айдан кейін қымбатқа қайта сатамын» деген схемаға қазір сенбес едім. Менің байқауымша, нарықтағы сұраныс таңдамалы. Тіпті жақсы нысанның өзі тез арада сатып алушысын таба алмауы мүмкін. Менің сценарийім бойынша, 2027 жылдың күзіне қарай нарықтың жекелеген сегменттерінде баға қалпына келе бастауы ықтимал. Осы кезде тартымды ұсыныстардың бір бөлігі нарықтан кетеді. Бірақ бұл барлық пәтердің бағасы өседі деген болжам емес. Оны қолайсыз, бөлмелерінің сызбасы қолайсыз немесе бағасы қымбат нысандар нарық жақсарғанның өзінде өтімсіз болып қалуы мүмкін.

- Теңгенің бәрін долларға айырбастау орынсыз деп отырсыз. Ал қолда бар долларды қазір сатқан дұрыс па?

- Жоқ. Екеуі екі басқа дүние. Доллар жинағыңыз бұрыннан қалыптасқан және ол ұзақ мерзімді инвестицияға арналған болса, бағам төмендеді екен деп оны автоматты түрде теңгеге ауыстырмас едім. Оның орнына сол қаражатты доллармен сатылатын активтерге салу жағын қарастырған жөн.

Қазір кей адамдар долларды сатып, жоғары пайыз алу үшін теңгеге ауысқысы келеді. Бірақ мұндай шешімді эмоциямен емес, есеппен қабылдау керек. Болар іс болып кетті. Енді болашақ шығындарыңызды ескеріп, инвестиция мерзіміне және қабылдай алатын тәуекелге сай нұсқаны дәл таңдау қажет.

Капиталдың валютасын соңғы бірнеше айда жақсы нәтиже көрсеткен құралдың артынан қуып, үнемі ауыстыра беру дұрыс емес.

доллар Фото: pexels

- Доллармен сатылатын активтердің ішінде қандай құралдар тартымды деп ойлайсыз?

- Бірінші кезекте облигацияларды қарастырар едім. Жекелеген бағалы қағаздарды таңдағанда доллардағы жылдық кірістілігі 9-10% деген дәлізді басшылыққа алуға болады. Бірақ әр облигацияны жеке бағалау қажет: қарыз алушы кім, оның қаржылық жағдайы қандай, өтеу мерзімі қашан және облигацияны мерзімінен бұрын сата аласыз ба?

Мұнда бір маңызды жайт бар: облигацияның да тәуекелі бар. Купон мөлшерлемесі 9-10% деп өкрсетілгенмен, сол табыстың төленетініне кепілдік жоқ. Жоғары кірістіліктің тәуекелі де жоғары болатынын ұмытпаған абзал. 

Доллардағы акцияларды да қарстыруға болады. Бірақ оны консервативті активтерден бөлек қарастырған жөн. Акция бағасы өзгеше құбылады және оған бір уақыт керек. Жуық арада шешіп алу қажет болатын ақшаны акцияға салуға болмайды. Сақтықпен инвестициялау деген ең жоғары пайызды іздеу емес, сапалы активтерді таңдап, тәуекелді дұрыс бөлу.

- Доллардағы инвестициялар енді екі-үш жылдан кейін теңгедегі депозиттен міндетті түрде тиімді бола ма?

- Доллардың қайта нығаюы әбден мүмкін сценарий деп ойлаймын. Бірақ инвестициялық стратегияны «міндетті түрде» деген сеніммен құруға болмайды.

Нәтиже активтің кірістілігіне де, салыстыру жүргізілетін кездегі валюта бағамына да байланысты болады. Белгілі бір кезеңде теңгедегі депозит тиімді болуы мүмкін, басқа кезеңде долларлық портфельдің нәтижесі жоғары болуы ықтимал.

Капиталдың валюталық бөлігінің мақсаты тек депозитпен бәсекелесу емес. Ол болашақта доллармен төленетін шығындарды жабуға және барлық жинақтың бір ғана валютаға тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.

- Жинағы бар адамға қандай кеңес берер едіңіз?

- «Бүгін не сатып алу керек?» деген сұрақтан бастамаған жөн. Алдымен бұл ақшаның не үшін қажет екенін және қашан жұмсалатынын анықтау керек.

Қазір бос теңгені кіріс әкелетін теңгелік құралдарда ұстағанды жөн көремін. Қолда бар долларды тәуекелі түсінікті валюталық инвестицияларға пайдалануға болады. Ал жылжымайтын мүлікті тек таңдаулы нысандардан, елеулі жеңілдікпен және оны бір жарым-екі жыл ұстай алатын жағдайда қарастырған дұрыс.

Ең бастысы – резервті сақтау. Бұл активті қолайсыз сәтте сатпауға және нарықта тиімді ұсыныс пайда болған кезде пайдалануға мүмкіндік береді.

Капиталды басқару дегеніміз – ақшаны доллар, депозит пен пәтер арасында үнемі ауыстырып отыру емес. Жинақтың әр бөлігінің қандай міндет атқаратынын түсіну.


Материал Kazinform сайтынан алынды. 

 

Читайте также

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите