Жасанды интеллект (ЖИ) еңбек нарығына қарқынды еніп жатқанымен, адам еңбегін толық алмастыра алмайтын мамандықтар әлі де бар. АҚШ-та жүргізілген кейінгі зерттеу нәтижесінде жасанды интеллектіге ең төзімді, яғни автоматтандыру қаупі төмен мамандықтар рейтиңі жарияланды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау мен білім саласы көш бастады
Ауқымды рейтиң JobZone Risk платформасының деректері мен АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының ресми мәліметтері негізінде дайындалған. Зерттеу нәтижесі бойынша медбике (Registered Nurse) ЖИ-ге ең төзімді әрі қауіпсіз мамандық болып танылып, 82,2 балл жинады.
Үздік үштікке:
- Үйде күтім жасайтын әлеуметтік қызметкер — 72,7 балл;
- Бастауыш сынып мұғалімі — 70,0 балл енді.
Сарапшылар айтуынша, бұл кәсіптер адамның жанашырлығын, эмоциялық интеллектін, мол тәжірибесін және нақты жағдайда шұғыл шешім қабылдау қабілетін талап етеді. Сондықтан оларды жасанды интеллект пен алгоритмдер толық алмастыра алмайды.
ЖИ алмастыра алмайтын ТОП-10 мамандық
Рейтиңке сәйкес, жасанды интеллект алмастыра алмайтын алғашқы 10 мамандық:
- Медбике — 82,2
- Үйде күтім жасайтын әлеуметтік қызметкер — 72,7
- Бастауыш сынып мұғалімі — 70,0
- Медбике көмекшісі — 67,4
- Аға бағдарламалық жасақтама инженері — 55,4
- Жөндеу және техникалық қызмет көрсету маманы — 53,9
- Құрылыс жұмысшысы — 53,2
- Қонақүйдегі үй жинаушы — 51,3
- Мұғалім көмекшісі — 51,2
- Бухгалтер — 47,3
Қандай мамандықтарға қауіп төніп тұр?
Зерттеуде кейбір кең таралған кәсіптердің ЖИ ықпалына көбірек ұшырайтыны, яғни жоғалып кету қаупі жоғары екені көрсетілген.
Тізімнің соңында жасанды интеллект ықпалына көбірек ұшырауы мүмкін мына мамандықтар тұр:
- Операция менеджері;
- Жүк көлігі жүргізушісі;
- Қойма және жүк тасымалдау қызметкері;
- Көтерме және өндірістік сату өкілі.
Олардың ішінде көтерме және өндірістік сату өкілі ең төмен көрсеткішке ие болып, небәрі 26,1 балл жинады. Бұл олардың жұмысын ЖИ өте тез алмастыра алатынын білдіреді.
ЖИ мамандықтарды толық жоя ма?
Зерттеу авторларының пікірінше, жасанды интеллект бұл мамандықтарды толығымен жоймайды. Керісінше, ол жұмыстың күнделікті қайталанатын міндеттерін автоматтандырып, адамдардың жұмыс істеу форматын өзгертеді.
Мамандардың айтуынша, болашақ еңбек нарығында эмпатия, шығармашылық ойлау, көшбасшылық, қарым-қатынас жасау және күрделі мәселелерді шеше білу сияқты адами қабілеттердің құны арта түседі. Осы дағдыларды қажет ететін мамандар ЖИ дәуірінде де сұраныс көп мамандық болып қала береді.
Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды.