Қола дәуірінің құпиясы Имантауда ашылды

Қола дәуірінің құпиясы Имантауда ашылды

фото: Fe-history.kz

       Солтүстік Қазақстандағы Имантау ауылының маңынан қола дәуіріне тиесілі көне қоныс табылды. Бұл жаңалық — бірнеше мың жыл бұрын осы өңірді мекендеген адамдардың тұрмысы мен кәсібін тануға жол ашатын маңызды археологиялық олжа.

       Қазақстан мен Қытай ғалымдарының бірлескен экспедициясы кезінде ежелгі тұрғын үйдің орны, қыш ыдыстардың сынықтары, тас пен қоладан жасалған құралдар, жебе ұштары және жануар сүйектері анықталған. Сондай-ақ металл өңдеуге қатысты кен қалдықтарының табылуы сол дәуірдегі өндіріс пен қолөнердің ізін аңғартады.

       Ғалымдардың алдын ала пайымдауынша, Имантаудағы қоныс б.з.д. он алтыншы-он бесінші ғасырларға жатады. Қазба барысында жылқы мен өзге де малдардың сүйектері көп кездесуі бұл жерде мал шаруашылығының орны ерекше болғанын көрсетеді. Яғни көне қоныс тұрғындарының күнкөрісі мен тұрмыс-тіршілігі туралы алғашқы деректер осылайша бой көрсете бастаған.

       Зерттеу жұмыстары барысында қоныстың батыс бөлігінен күл қабаты мен күйген тастар да табылған. Бұл жерде от жағылғанын дәлелдейді. Ал табылған құрылымның металл өңдеуге қатысы бар-жоғы әзірге зерттеліп жатыр. Демек, әрбір жәдігер ежелгі дәуірдің бізге беймәлім бір қырын ашуға қызмет етеді.

       Мамандар тұрғын үйдің құрылысын да зерделеп, қоныстың көлемі мен қандай мақсатта пайдаланылғанын анықтауға күш салуда. Алғашқы болжам бойынша, бұл мекен сол кезеңдегі әлеуметтік жағдайы жоғары қауымға тиесілі болуы мүмкін. Алайда нақты тұжырым жасау үшін алдағы зерттеулердің нәтижесін күту қажет.

       Бұл экспедицияның мәні тек бір қоныстың тарихын анықтаумен шектелмейді. Қазақстан мен Қытай ғалымдарының бес жылға жоспарланған ортақ жұмысы Еуразия даласындағы қола және ерте темір дәуірі мәдениеттерінің қалыптасу ерекшеліктерін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Заманауи зертханалық әдістер арқылы топырақ, сүйек, металл және басқа да жәдігерлердің құрамын, жасын анықтау көзделген.

       Имантау өңіріндегі қазба жұмыстары Солтүстік Қазақстанның көне тарихын жаңа деректермен толықтыруы ықтимал. Алдағы жылдары жалғасатын зерттеулер ежелгі қоныстың құрылымы, тұрғындарының кәсібі, тұрмысы мен табиғи ортаға бейімделуі туралы тың мәліметтер бермек. Мыңдаған жыл бұрынғы тіршіліктің көмескі іздері бүгін ғылым арқылы қайта жаңғырып, өткеніміздің беймәлім беттерін ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Читайте также

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите