Баян мен аккордеонның әлемдік әуені – Астана төрінде

Баян мен аккордеонның әлемдік әуені – Астана төрінде

фото: egemen.kz

       Құрметті радиотыңдаушылар, тал түстің тынысымен бірге сіздерге әсем әуен мен әсерлі ақпарат ұсынатын «Шалқар» радиосының «Түскі әуен» ақпараттық-сазды сағаты жалғасады. Ендеше, өнер әлеміндегі өрелі жаңалықтардың біріне құлақ түрейік.

       Әуен – шекара талғамайтын, жүректерді жақындастыратын әмбебап тіл. Бүгінде елорда төрінде осы өнердің халықаралық мерекесіне айналған айтулы байқау басталып, Астана әлемнің әр түкпірінен жиналған музыканттардың басын қосты.

       Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» сахнасында баян мен аккордеон орындаушыларының «Купе Мондьяль» халықаралық байқауы өз шымылдығын ашты. Әлемдегі ең беделді музыкалық додалардың бірі саналатын бұл байқау Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр.

       Халықаралық өнер бәйгесіне биыл 147 өтінім қабылданған. Оның 126-сы – жеке орындаушылардан, 21-і – ансамбльдерден. Қазақстан атынан 40 өнерпаз бақ сынаса, Қытай, Ресей, Италия, Жапония, Бразилия сынды бірқатар елдердің музыканттары да шеберліктерін ортаға салуда.

       Байқаудың ашылу салтанаты ұлттық өнердің бояуымен өрілді. «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Бірлік» би ансамблі музыка мен биді сабақтастырған көркем композиция ұсынды. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрболат Арзамас пен Клара Төленбаеваның өнері кештің сәнін келтірді.

       Бұл – жай ғана шығармашылық сайыс емес, әлемдік өнер кеңістігімен тәжірибе алмасатын үлкен мүмкіндік. Әсіресе жас музыканттар үшін халықаралық деңгейдегі шеберлермен бір сахнада өнер көрсету – кәсіби шыңдалудың маңызды баспалдағы.

       Астана төріндегі дүбірлі музыкалық дода 27 тамызға дейін жалғасады. Баян мен аккордеонның сырлы үні елорда аспанында қалықтап, өнердің ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ортақ тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдей түспек.

Читайте также

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите