Алматыда аллергия маусымы күшейді

Алматыда аллергия маусымы күшейді

фото: stan.kz

       Алматыда аллергиясы бар тұрғындар үшін қолайсыз кезең күшейіп келеді. Мамандар қалада жусанның белсенді тозаңдану кезеңі басталғанын айтып, ауадағы амброзия мөлшері де жоғары деңгейде сақталып отырғанын ескертті.

       Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайсар Табыновтың мәліметінше, 8 тамызда жусан тозаңының концентрациясы бір текше метр ауаға 67 түйіршікке жетсе, келесі күні 95-ке дейін өскен.

       Бір аптадағы мониторинг нәтижесінде Алматы ауасындағы өсімдік тозаңының 37,8 пайызы жусанға тиесілі болған. Ал жусан мен амброзияны қоса есептегенде, олардың үлесі 51 пайызға жуықтаған.

       Ал амброзия тозаңының мөлшері де алаңдатарлық. 7-8 тамызда оның концентрациясы бір текше метрге 30 түйіршіктен асқан. Мамандар жусанға аллергиясы бар адамдардың 30-50 пайызында амброзияға да сезімталдық барын айтады. Сондықтан кей тұрғындарда аллергиялық белгілер екі есе күшеюі мүмкін.

       Ғалымдар аллергиясы бар азаматтарға тозаң мөлшерін бақылап, оның деңгейі жоғары уақытта далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Ал дәрігер тағайындаған ем болса, оны уақытылы қабылдау маңызды.

Читайте также

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите