Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю аралында жергілікті уақыт бойынша сағат 16:27-де магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулерінің қарқындылығы Жапонияның сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша ең жоғары деңгейге жеткен. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
TBS телеарнасының ақпаратына сәйкес, Кумамото префектурасындағы Aeon Mall сауда орталығында адам шығыны бар. Бірақ та, бұл ақпаратты полиция ресми түрде растаған жоқ. NHK телеарнасының мәліметінше, кемінде 50 адам ауруханаға жеткізілген, тағы бірнеше адам қираған ғимараттардың үйіндісі астында қалып қойған. Бұдан басқа қалада 12 тұрғын үй құлаған.
"Зілзала басталған кезде дүмпулердің қатты болғаны соншалық, аяғымда тұра алмадым. Жер сілкіністері қайталануы мүмкін екенін ескерген жөн", – деді Оқиға орнында болған NHK тілшісі.
Телеарна эфирінде берілген бейнематериалдарда қираған көпірлер, өртке оранған ғимараттар мен аударылып қалған көліктер көрсетілді.
Kyushu Electric Power энергетикалық компаниясының дерегі бойынша Кумамото өңірінде 45 мыңға жуық үй мен нысан жарықсыз қалған. Билік өңірдегі АЭС жұмысына қатысты қандай да бір ақау немесе қауіп белгілері анықталмағанын хабарлады.
BBC мәліметіне сәйкес, Жапонияда болған жер сілкінісі салдарынан 13 адам қаза тапты.