Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге интернет кеңістігінде жеке қауіпсіздікке мән беру керегін ескертті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өмірдегі сәттермен бөлісуге мүмкіндік бергенімен, жеке мәліметтердің ашық жариялануы қауіп тудыруы мүмкін.
ІІМ негізгі қауіпсіздік ережелерін атады:
- мекенжай, телефон нөмірі, мектеп атауы, сабақ кестесі және орналасқан жерді анықтауға мүмкіндік беретін басқа да жеке ақпараттарды жарияламау;
- геолокация көрсетілген фото мен стористерді нақты уақыт режимінде салмау, оларды сол жерден кеткеннен кейін жариялау;
- достар қатарына тек жеке танитын адамдарды қосу;
- парақшадағы құпиялық баптауларын реттеп, жарияланымдарды тек сенімді адамдар көре алатындай ету;
- бейтаныс адамдарға жеке фотоларды, құжаттарды және құпия ақпараттарды жібермеу;
- күмәнді адамдармен байланысты бірден тоқтату және олардың аккаунттарын бұғаттау.
Министрлік өкілдері бейтаныс адам шамадан тыс қызығушылық танытып, жеке мәліметтерді сұраса, қайда жүргенін білетінін айтса немесе қорқытуға тырысса, бұл туралы ата-анаға, заңды өкілге немесе сенімді ересек адамға міндетті түрде хабарлау қажет екенін айтты.
— Сіздің қауіпсіздігіңіз жазылушылар саны мен лайктардан әлдеқайда маңызды. Цифрлық ортадағы қарапайым ережелерді сақтау жеке деректерді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі, — деп еске салды ІІМ.