Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған тегін скринингтік тексерулердің ауқымы кеңейіп келеді. Бұл шаралар азаматтардың денсаулығын сақтауға және қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың шілде айынан бастап сүт безі обырына, жатыр мойны обырына және колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингтер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келеді. Соның арқасында азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуына қарамастан, тегін тексеруден өте алады.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында ғана тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 326 мыңнан астам сақтандырылмаған азамат онкологиялық скринингтен өткен. Оның ішінде 101 мыңнан астам адам жатыр мойны обырына, 96 мыңнан астам адам сүт безі обырына, ал 128 мыңнан астам адам колоректалды қатерлі ісікке тексерілген.
Скринингтік тексерулермен қамту деңгейі де артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мақсатты топтар арасында сүт безі обырына арналған скринингпен қамту 66,4 пайызға жетсе, жатыр мойны обыры бойынша бұл көрсеткіш 71,4 пайызды құрады. Ал колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингпен қамту деңгейі 98,5 пайызға жеткен.
Мамандардың айтуынша, азаматтардың бір бөлігі денсаулығына қатысты шағым болмаған жағдайда скринингке баруды кейінге қалдырады. Алайда онкологиялық аурулардың көпшілігі бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейді. Сондықтан дәрігерлер профилактикалық тексеруден уақытылы өтіп тұру қатерлі ісікті ерте анықтаудың ең тиімді жолы екенін ескертеді. Осы мақсатта 2025 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерлерін онкологиялық ауруларды ерте анықтауға ынталандыру жүйесі де енгізілген.
Сонымен қатар, келесі жылдан бастап еліміздің Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында өкпе обырын анықтауға арналған пилоттық скрининг бағдарламасы іске қосылмақ. Жоба аясында төмен дозалы компьютерлік томография мен жасанды интеллект технологиялары пайдаланылады. Бағдарлама ұзақ жылдар бойы темекі шеккен немесе темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған, жасы 50 мен 75 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды.
Айта кетейік, скрининг кезінде онкологиялық ауруға күдік анықталған жағдайда пациенттер «жасыл дәліз» жүйесі арқылы жедел түрде қосымша тексеруден өткізіледі. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі жаңа скрининг түрлерін енгізу мәселесін де қарастырып жатыр. Олардың қатарында тұқым қуалайтын қатерлі ісік қаупін анықтайтын генетикалық тесттер, жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған ВПЧ-тестілеу және колоректалды қатерлі ісікті анықтаудың заманауи әдістері бар. Бұл бастамалар онкологиялық ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін одан әрі арттыруға бағытталған.