Мемлекеттік шекараны белгілеу аясында Өзбекстан екі елді мекенін Қырғызстанға берді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұрын Өзбекстанның Ферғана облысының құрамында болған Чонгара және Таш-Тобо ауылдары Қырғызстан құрамына енді. Бұл ауылдарда шамамен 2500 этникалық қырғыз тұрады. Тіркеу аяқталғаннан кейін оларға Қырғызстан азаматтығы беріледі.
Бұл елді мекендердің орнына Бішкек шекара аймағында Ташкентке тең көлемдегі жер учаскелерін берді.
Тараптар сондай-ақ 236 гектар тең аумақты алмастырды. Бұл Қырғызстанға Сай ауылынан Таян ауылына тікелей жол салуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың арқасында Баткен облысының тұрғындары Айдаркеннен Баткенге осы ауылдар арқылы тікелей бара алады, бұл жолды 225 шақырымнан 55 шақырымға дейін қысқартады.
Бұған дейін Қырғызстан мен Өзбекстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отырғанын хабарлаған едік.
https://kaz.inform.kz/