Ертең жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

Ертең жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

фото: pexels.com

1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне еніп, оның аясында 138 нормативтік-құқықтық акті өзектендіріледі. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. 

Құрылыс құжаттарының сапасын күшейту мақсатында барлық құрылыс жобасы міндетті сараптамадан өтеді.

— Құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтуде. Осы жаңалықтарды бекіту және саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биыл 9 қаңтарда қол қойылды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензияларды электронды тексеру және инженерлерді кезең-кезеңімен сертификаттау енгізіледі, — деген еді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, құрылыс нормаларын жетілдіру үшін халықаралық стандарттарға сай келетін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Кодексті іске асыру аясында 138 нормативтік-құқықтық актіні өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала құрылысы құжаттарының сапасын күшейту мақсатында барлық құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары міндетті сараптамадан өтетін болады. Аталған шара сапасыз жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша кодексте нақты жобалау жоспарларын тек екі жылда бір рет түзетуге рұқсат етілді. Бұл құжаттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала құрылысы кадастрын жүргізу қағидалары өзгереді

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат ұсыну қағидалары бекітілген еді. Соған байланысты 1 шілдеден бастап қала құрылысы кадастры жаңа тәртіппен жұмыс істейді. 
Бекітілген қағидаларға сәйкес, кадастр ел аумағында деректерді жинау, өңдеу, есепке алу, сақтау және ұсынудың бірыңғай жүйесі бойынша жүргізіледі.

Ақпарат көздері ретінде азаматтық қорғау, сәулет және қала құрылысы, білім, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, көлік, экология, су және орман ресурстары, мәдениет және спорт, электр энергетикасы салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар айқындалды.

Жергілікті атқарушы органдар құрылыс, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтерді, сондай-ақ сәулет-жоспарлау тапсырмаларына, жобалық құжаттамаға, нысандарды пайдалануға беру және бұзу актілеріне, қала құрылысы жобаларына қатысты материалдарды ұсынады.

Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілері мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары ұсынатын деректердің тізбесі де белгіленген. Оған қуаттылық, инженерлік желілер және инфрақұрылымды орналастыру схемалары туралы ақпарат кіреді.

Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды. 

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите