Франциядағы аптап ыстыққа байланысты әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы мен Лувр музейі жұмыс уақытын қысқартты, деп хабарлайды Euronews.
kaz.inform.kz жазғанындай, Франция және Еуропаның бірқатар елдері адам өміріне қауіп төндіретін қатты ыстықтың әсерін бастан өткеруде. Экстремалды температуралар күнделікті тіршілікті қиындатып, мектептердің жабылуына және пойыз рейстерінің тоқтатылуына себеп болып жатыр.
Сақтық шаралары аясында әлемдегі ең танымал туристік нысандардың жұмысына да шектеу енгізілді. Париждегі Эйфель мұнарасы аптап ыстыққа байланысты әдеттегіден ерте жабылып, көптеген туристің жоспарын өзгертті.
АҚШ-тан келген турист Тамара Дансер мұнараға билет сатып алу үшін екі ай бұрын тапсырыс бергенін, алайда сапары соңғы сәтте тоқтатылғанын айтты.
Соған қарамастан кейбір саяхатшылар ыстық ауа райы Парижді тамашалауға кедергі болмайтынын жеткізді.
— Аптап ыстық сапарымыздың қызығын бұза алмайды. Парижде көретін жер әлі көп, — деді Калифорниядан келген туристер Карлин мен Кэрол.
Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алынды.