Жүректі зіл баспасын…

Жүректі зіл баспасын…

фото: Ұлттық госпиталь

       Кардиология  - медицинаның ең күрделі салаларының бірі.  Осы салаға қызығушылықпен келген мамандардың қатарында  Жазира Ақшалова да бар. Дәрігер 14 жылдан аса жүрек, қан тамырлары ауруларынан  зардап шеккен  науқастарды емдеп, міндетін мінсіз атқарып келеді. 2025 жылдан бастап Ұлттық госпитальдің мамандандырылған медициналық көмек көрсету орталығында кардиолог дәрігер болып жұмыс істейтін Жазира Жақыпбайқызымен сұхбаттасқан едік.

 Кардиологияда  дәрігерлер  әр түрлі салада маманданады. Сіз қай бағытта көбірек жұмыс істейсіз?

 -Иә,  келісемін. Кардиология- өте күрделі әрі жауапкершілігі жоғары сала. Мен өз еңбек жолымда негізінен амбулаториялық қабылдау және функционалдық диагностика бағытында жұмыс істеп келемін. Осы уақытқа дейін СМАД, Холтер ЭКГ сияқты функционалдық диагностика саласында да тәжірибе жинақтадым. Білгенімнен білмейтінім көп қой әлі де оқып, іздену үстіндемін.

 Еліміз және әлем бойынша бұл аурудың көрсеткіші қандай екенін айта аласыз ба? Мәлімет бар ма?

 -Өкінішке қарай, жүрек-қан тамыр аурулары елімізде де, әлем бойынша да әлі күнге дейін ең жиі кездесетін және соңы өлімге апаратын  аурулардың бірі болып отыр. ДДСҰ мәліметі бойынша, жыл сайын 20 миллионға жуық адам осы жүрек-қан тамыр ауруларынан қайтыс болады. Адам ағзасының қартаюы, стресс, дұрыс тамақтанбау, гиподинамия, артық салмақ, қант диабетінің өршуіне  байланысты жалпы статистикалық мәлімет  артып барады.

 Адамдар көбінсе жүрек ауруы белгілерін байқамай, дәрігерге кешіктіріп келіп жатады. Негізгі белгілеріне тоқтала кетесіз бе?

 -Ең негізгі белгілері ентігу, тез шаршау, физикалық жүктемені көтере алмау. Сондай-ақ жүрек тұсының  қысып немесе күйдіріп ауыру сезімі, жүрек соғуының жиілеуі немесе баяулауы, жүрек тұсындағы ауыру сезімінің сол қолға, иыққа, жауырынға берілуі. Қан қысымының тұрақсыздығы, аяқ-қолдың ісінуі  белгілер байқалса, дер кезінде дәрігерге қаралу қажет.

 Заманауи медицина жүректің жұмысына көмек немесе жақсарту бағытында  стент т.б құралдарды пайдаланады. Бұл қандай науқасқа қолданылады?

 -Заманауи медицинада жүректің коронарлық тамырлары тарылып, қан айналым нашарлаған жағдайда стент және басқа да медициналық құрылғылар қолданылады. Стент жүрек тамырлары тарылған жағдайда қойылады. Мақсаты- жүрекке оттегімен қанның жеткізілуін жақсартып, миокард инфаркты сияқты асқынулардың алдын алу үшін жасалады. Жүректің соғуына жиі құлақ түріп, мән беріңіздер. Дендеріңіз сау болсын!

 Ұлттық госпиталдің журналиісі

Жазира Зәкірқызы

 

Subscribe