Қазақстанда жасалған: Ұлттық брендтердің жарқын көрмесі

Қазақстанда жасалған: Ұлттық брендтердің жарқын көрмесі

фото: ҚР АШМ https://kaz.inform.kz

       Елорда төрінде өткен IX «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі биыл бұрынғыдан да ауқымды ұйымдастырылып, отандық кәсіптің өрісін кеңейткен маңызды алаңға айналды. Биылғы көрмеге 35 мыңнан астам адам келіп, қазақстандық өнімдерге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

        Көрмеде 600-ге жуық кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, тың жобаларын көпшілік назарына ұсынған. Бұған дейін негізінен өңдеу және қайта өңдеу саласы қатысып келсе, биыл медицина, білім беру, IT және креативті индустрия өкілдері де бой көрсеткен. Ұйымдастырушылар мұны көрменің жаңа белеске көтерілгенінің белгісі дейді.

        Мамандардың айтуынша, көрмеге қатысушыларды іріктеуде өңірлік ерекшеліктер де ескерілген. Мәселен, Атыраудан мұнай сервисі саласының өкілдері келсе, Павлодар өңдеу өнеркәсібіндегі жетістіктерін ұсынған. Қарағандылық кәсіпкерлер қайта өңдеу бағытындағы өнімдерін таныстырса, Шымкенттен келген шеберлер аяқ киім мен киім өндірісін паш еткен.

       Сонымен қатар бұл көрме тек сауда орны ғана емес, тәжірибе алмасып, байланыс орнататын үлкен іскерлік алаңға айналды. Панельдік кездесулерде жасанды интеллект мүмкіндіктері, бизнесті дамыту мен қаржыландыру мәселелері кеңінен сөз болған.

       Айта кетейік, халықаралық деңгейдегі шараға Әзербайжан, Түркия, Грузия, Қырғызстан, Ресей және Франциядан келген қонақтар мен қаржы ұйымдарының өкілдері де қатысқан.

Subscribe