Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Дэвис кубогының Азия–Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтіп жатыр.
D тобында сынға түсіп жатқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы кездесуінде Түркменстанды 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Алғашқы матчта Ахмади Мақанов қарсыласы Сүлейман Худайбердиевті еш мүмкіндік қалдырмай, 6:0, 6:0 есебімен ұтты.
Келесі ойында Аңсар Ниетқалиев Али Гельдыевтен басым түсіп, Қазақстан құрамасының жалпы жеңісін қамтамасыз етті.
Жұптық кездесуде Ахмади Мақанов пен Родион Трайгель дуэті Али Гельдыев – Керімгелді Кулдурдыев жұбын 6:1, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Енді қазақстандық жасөспірімдер топтағы келесі матчтарын Пәкістан құрамасына қарсы өткізеді. Пәкістан алғашқы ойынында турнирдің екінші нөмірлі командасы — Оңтүстік Кореядан 0:3 есебімен жеңілген болатын.
Қазақстан құрамасына плей-офф кезеңіне шығу үшін өз тобында алғашқы екі орынның бірін иелену жеткілікті.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Анна Данилина әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына қайта енген еді. Сондай-ақ Александр Бублик ATP рейтингіндегі үздік көрсеткішін қайталап, Григорий Ломакин Үндістандағы турнирде екінші айналымға өтті.