Айғыр Галван Қазақстанға Прага қаласынан, ал төрт бие Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен жеткізілген болатын
"Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында керқұландардың (кертағының) бір тобы табиғатқа жіберілді.
Айғыр Галван Қазақстанға Прага қаласынан, ал төрт бие Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен жеткізілген болатын. Бір жыл бойы жануарлар мамандар мен ветеринарлардың тұрақты бақылауымен реинтродукция орталығының кең қашаларында бейімделу кезеңінен өтті.
Осы уақыт ішінде керқұландар жаңа табиғи-климаттық жағдайларға сәтті бейімделіп, қысты аман өткізіп, даладағы дербес тіршілікке дайындалды.
"Табиғатқа жіберер алдында Галван айғырына GPS-қарғыбауы тағылды. Табиғатқа жіберілгеннен кейін Галван бастаған төрт биеден тұратын үйір "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағын игере бастады. Мамандардың бақылауы бойынша жануарлардың жағдайы жақсы, олар жаңа жайылымдар мен суаттарды белсенді түрде зерттеуде", - дейді министрлік.
Министрліктің айтуынша, керқұландарды табиғатқа жіберу осы сирек түрді тарихи мекендеу ортасына қайтару бағдарламасын іске асырудағы маңызды кезең және Қазақстандағы табиғи популяциясын қалпына келтіру жолындағы кезекті қадам.
Дерек көзі: https://sputnik.kz