Алатау қаласында аэротакси ұша бастады

Алатау қаласында аэротакси ұша бастады

фото: https://pixabay.com/

- Көлік министрлігі Алатау қаласында ұшқышсыз аэротаксилер сынақ режимінде ұша бастағанын айтты.

Кеше ұшқышсыз әуе таксиі сынақ режимінде ұша бастады. Бұл жобаны мамыр айында іске қосамыз деп айтқан едік. Соның алғашқы ұшулары жүргізіле бастады, — деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте откен брифингте.

Аэротакси бағасына қатысты министр бұл бүкіл әлем үшін жаңа өнім екенін, әзірге нақты құнын ешкім есептеп бере алмайтынын атап өтті.

— Қазір 2-4 жолаушы тасымалданып, сынақтан өтіп жатыр. Қону алаңдары да салынып, аппараттар сатып алынуда. Әрі қарай жағдайға қарай белгілі болады. Бізге нормативтік-құқықтық актілерді Парламентке енгізу жөнінде тапсырма берілді. Парламент бізді қолдайды деп үміттенеміз, — деп толықтырды министр.

Сонымен бірге, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев аэротаксидің техникалық сипаттамалары туралы айтып берді.

— Бұл қытайлық AutoFlight компаниясы шығарған аппарат. Оның техникалық сипаты бойынша ұшу радиусы — 250 шақырым. Ал ең жоғары жылдамдығы — сағатына 200 км. Қазіргі уақытта Алатауда бұл аппарат сынақ ретінде ұшырыла бастады, — деді Т. Ластаев.

Айта кетейік, авиациялық қауіпсіздік бойынша Қазақстан әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.

https://kaz.inform.kz

Subscribe