Таза су — денсаулық кепілі!

Таза су — денсаулық кепілі!

фото: pexels.com

Әрқайсымыз үйімізде күнделікті тұтынатын немесе емдік қайнардан алынатын судың қауіпсіз болғанын қалаймыз. Себебі таза су денсаулық кепілі. 

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өндірістің қарқынды дамуы экология мен адамдарға жағымсыз әсер ететіні жасырын емес. Тіршілік үшін маңызы зор нысандарды қорғау үшін арнайы аумақтар мемлекет қамқорлығына алынады. Сондай нысандардың бірі санитарлық-қорғау аумағы. 

Санитарлық-қорғау аймағы дегеніміз не? 

Бұл сұраққа Алматы қаласы Түрксіб ауданы санитарлық-гигиеналық бақылау және техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бастығы Бұхарбаева Гүлжан Баймолдақызы жауап берген еді.

Санитарлық-қорғау аймағы дегеніміз – бұл арнайы, өндірістік немесе өнеркәсіптік мақсаттағы аймақ пен тұрғын үй-азаматтық, коммуналдық және басқа да үй-жайларды орналастыру орындары арасындағы арнайы аумақ, дейді Гүлжан Баймолдақызы. 

Жер асты суларын ластанудан қорғау үшін әрбір ұңғыманың айналасында санитарлық қорғау аймағы құрылады. Бұл — пайдаланудың ерекше режимі бекітілген арнайы аумақ.

Фото: pexels.com.

Гүлжан Бұхарбаева атап өткеніндей, қауіпсіздіктің үш «белдеуі» - қорғау жүйесі орталықтан шетке қарай — ең қатаң бақылаудан жеңілдетілген деңгейге дейін үш сатыдан тұрады.

1. Бірінші белдеу: Қатаң режим аймағы (радиусы — 30 метр) - бұл — тікелей ұңғыманың айналасындағы аумақ.  Мұнда бөгде адамдардың жүруіне, тұрғын үй немесе дәретхана салуға болмайды. Тек су алу нысанының жұмысына қажетті құрылыстарға ғана рұқсат етіледі. Егер жер асты сулары қалың саз қабаттарымен жақсы қорғалған болса, санитарлық қызметтің келісімімен бұл аймақты 15–25 метрге дейін азайтуға болады.

2. Екінші белдеу: Бактериялардан қорғау - бұл аймақтың шекарасы қауіпті микробтар ұңғымаға жеткенше жойылып кететіндей қашықтықта есептеледі.

Басты тыйым - кез келген ауыл шаруашылығы қызметіне тыйым салынады. Мұнда мал жаюға, қора-қопсы немесе көң қоймаларын салуға болмайды.

3. Үшінші белдеу: Химиялық ластанудан қорғау - бұл — суды улы химикаттар мен мұнай өнімдерінен ұзақ жылдар бойы қорғайтын ең кең аумақ. Қоқыс тастауға, химикаттар, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай материалдарын сақтауға тыйым салынады. Мемлекеттік органдардың келісімімен мұнда ғимараттар салуға, геологиялық барлау немесе қазба жұмыстарын жүргізуге болады (егер бұл топыраққа зиян келтірмесе).

Аймақ көлемі кездейсоқ белгіленбейді. Мамандар судың тереңдігін, топырақ құрамын және судың қозғалыс жылдамдығын есептей отырып, әр ұңғымаға жеке жоба жасайды. Барлық талаптар заңмен бекітілген: ҚР Су және Экологиялық кодекстері, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің бұйрықтары (20.02.2023 ж. №26 және 24.11.2022 ж. № ҚР ДСМ-138).

Осы ережелерді сақтау судың гигиеналық нормативтерге сай болуын қамтамасыз етеді. Бұл судың құрамында қауіпті бактериялар, ауыр металдар немесе зиянды қоспалар болмайтынына кепілдік береді. Санитарлық қорғау аймағы — бұл суды ішуге, емделуге және болашақ ұрпақ үшін таза күйінде сақтауға мүмкіндік беретін ортақ тосқауыл.  

Егер сіз су ұңғымаларының маңынан қоқыс үйінділерін, химикат қоймаларын немесе заңсыз құрылысты көрсеңіз, тиісті органдарға хабарласуыңыз қажет, -  дейді Алматы қаласы Түрксіб ауданы санитарлық-гигиеналық бақылау және техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бастығы Бұхарбаева Гүлжан Баймолдақызы.

 

Subscribe