Роботтар 10 мың шақырым қашықтықтан науқасқа ота жасады

Роботтар 10 мың шақырым қашықтықтан науқасқа ота жасады

фото: pexels.com

Бразилиядағы науқасқа Қытайдағы ауруханада орналасқан қашықтан басқарылатын роботтандырылған хирургиялық жүйе арқылы ота жасалды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" поиталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігер Карлос Эдуардо Домене Сычуань провинциясының орталығы Чэнду қаласында болып, науқастан 10 мың шақырымнан астам қашықтықта операция жүргізді, деп хабарлайды TV BRICS арнасы.

Карлос Эдуардо Домененің айтуынша, құрылғы аса жоғары айқындықтағы бейне мен байланыс кезінде кідірістің мүлде болмауын қамтамасыз еткен.

Аталған ота наурыз айында Сычуань университетінің Батыс Қытай ауруханасы жанындағы Халықаралық қашықтан роботтандырылған хирургия орталығында сәтті жасалған жеті операцияның қатарына енді.

Бауыр трансплантациясы бойынша сарапшы және аурухананың вице-президенті У Хун сәтті орындалған операциялардың ішінде гепатобилиарлық жүйеге, яғни бауыр, өт қабы және өт жолдарына, сондай-ақ ұйқыбезге жасалған оталардың ерекше орын алатынын атап өтті.

Чэндудағы орталық 21 наурызда ашылған. Ол ақылды хирургияның жаһандық платформасы ретінде құрылып, пациенттер ірі медициналық орталықтарға баруға мәжбүр болатын жүйеден жоғары технологиялық көмекті жергілікті жерде көрсету моделіне көшуге бағытталған.

У Хунның сөзінше, мұндай жүйе адамдардың қаржылық және уақыт шығынын 80 пайызға дейін қысқартады.

– Қытайдың озық медициналық технологиялары мен жабдықтары енді «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Бразилияда енгізіліп жатыр. Бұл Оңтүстік Америка бойынша көптеген науқасқа пайдасын тигізуде, – деді Домене.

Айта кетейік, ол сондай-ақ Бразилия робототехника қауымдастығының президенті.

Фото: pexels.com.

    Аурухана 2026 жылдың шілде айында Мысырда хирургиялық роботтарды қашықтан басқару орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл технологияны елде енгізуге және жергілікті дәрігерлердің осы саладағы біліктілігін арттыруға көмектеседі.

Қытай медициналық технологияларының шетелде кең көлемде енгізіліп жатқаны экспорт статистикасымен де расталады.

Қытай медициналық жабдық өндірушілері қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Қытайдан экспортталған медициналық жабдық көлемі 45,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 62,4 пайызға жоғары.

Subscribe