фото: pixabay.com
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті медициналық газ жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау және жымқыру әрекеттерін анықтады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы egemen.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, «Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының» бұрынғы бас дәрігері сатып алу рәсімдерін жасанды түрде бөліп, оларды көптеген келісімшарттар арқылы рәсімдеу схемасын ұйымдастырған.
«Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған», делінген хабарламада.
Шын мәнінде жабдықты басқа ұйым жеткізгенімен, қабылдау актілері бұрынғы бас дәрігердің ықпалындағы компаниялар арқылы жасалған. Ауруханадан қаражат түскен соң күдіктілер ақшаны қолма-қол шығарып, өзара бөлісіп отырған.
«Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 млн теңгені құрады. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған, оған сот санкциясымен тыйым салынды», деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Қазіргі таңда бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылған, ал оның сыбайласы үйқамаққа алынған.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через